Известные имена

Құрметті оқырмандар!

2004 жылдан бастап "Шығыс Қазақстан танымал есімдер" дерекқорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мақсаты – Шығыс Қазақстан өңірінің барлық танымал тұлғалары туралы барынша толық ақпарат жинау. Бүгінгі таңда бұл ақпараттық ресурста біздің жерлес ақын-жазушылар, ғалымдар мен ағартушылар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, Алаш қайраткерлері және басқа да бөлімдер ұсынылған. Бұл – отандастарымыздың тұлға мен тағдырларында біздің бірегей өлкеміздің ортақ портретін жасауға көмектеседі.
Библиография 2018 жылға дейін жинақталғанын хабарлаймыз. Кейінірек түскен әдебиеттерді кітапхана сайтының электрондық каталогынан табуға болады: http://pushkinlibrary.kz немесе бізге мына поштаға хабарласа аласыз: spravka@pushkinlibrary.kz
Дерекқорды толықтыру жұмыстары жалғасуда және Сіз де жаңа есім немесе жаңа өмірбаяндық деректерді ұсына аласыз.  Бұл біздің ортақ жұмысымыз әрі біздің ортақ Үйімізді даңққа бөлеген азаматтар алдындағы борышымыз.

abai r pushkin r kray r  

Қабанбай батыр

ҚабанбайҚожағұлұлы Қабанбай (1703-1781)

Қожағұлұлы Қабанбай (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі Орта жүздің Найман тайпасының Қара- ракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батыр әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Ел аузындағы әңгімелер дерегіне қарағанда Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады.

Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі.

Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз -әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігіне жүрген дана, би ретінде айтылады.

Қабанбайдың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атаған. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді.

Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін Қаракерей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді.

Әдебиеттер тізімі:

Аяған Б. Ғ. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы [Мәтін] / Б. Ғ. Аяған, Х. М. Әбжанов, А. И. Исин. - Алматы : Сөздік-Словарь, 2011. - 320 б.

Ақанұлы, Сағынбек. Ғасыр көші [Мәтін] / С. Ақанұлы. - Өскемен : Рекламный Дайджест, 2013. - 404 б

Әбубәкір Қ. Наркескен [Мәтін] : тарихи дастандар, толғаулар, өлеңдер, аудармалар / Ә. Қайран. - Алматы : Нуракынов, 2014. - 400 б.

Жұмаділов Қ. Дарабоз [Мәтін] : 2 томдық. 1-ші кітап : Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихи роман / ред. Естенов А. - Алматы : Шабыт, 1994. - 415 б.

Жұмаділов Қ. Дарабоз [Мәтін] : 2 томдық. 2-ші том : Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихи роман / ред. А. Естенов. - Алма-Ата : Жазушы, 1996. - 411 б.

Камал, Әбдірахман. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / Ә. Камал. - Астана : Б. ж., 2009. - 276 Қамал. Ә. Хан батыр - Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / Қ. Әбдірахман. - Астана : Фолиант, 2001. - 74 б.

Нұрахметов, Сәду. Батыр баба жолымен [Электрондық ресурс] : [Кітапта қазақтың батыр ұлдары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай батырлар туралы ел аузындағы деректер жинақталған. Қанжығалы руының шежіресі де тиянақты баяндалады. ] / С. Нұрахметов. - Алматы : [б. ж.], 2005. - 120 б. с.

Сәнік, Зейнолла. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / З. Сәнік. - Алматы : Жазушы, 1991. - 176 б.

Тоғызтаңбалы наймандар [Текст] : тарихи басылым. - Астана : Астана полиграфия, 2008. - 240 с. (Введено оглавление)

Тілеужанұлы З. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] : тарихи роман. - (Парасат). 1-ші кітап. - Алматы : Баспалар Үйі, 2009. - 239 б.