Известные имена

Қайролин Д.

Дауыл (Жайлаухан) Қайролин (1946-2002 жж.)

Дауыл (Жайлаухан) Қайроллин 1946 жылы 3-ші тамызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Құйған ауылында туған. Еңбек жолын 1962 жылы бастады. 1984 жылы Семейдің М. Төлебаев атындағы саз колледжінің ән бөліміне оқуға түсті. 1973 жылы училищені бітіріп, облыстық филармонияға әнші болып орналасты. Білімін көтеру мақсатында 1984 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән факультетіне түсіп, оны 1990 жылы бітіріп шықты.

Онда өнер жұлдыздарынан көп өнеге алды. Е. Серкебаев, Б. Төлегенов, Р. Абдуллиндермен бірге сахнаға шықты.
Ол орындаған халық әндері, халық композиторларының әндері, қазіргі әндер мен орыс және шетел сазгерлерінің классикалық шығармалары тыңдарман көңілінен шығып, жүрегінен орын алған. Талантты әнші еліміздің тәуелсіздік алуының бір жылдығына орай Мәскеуде Чайковский атындағы концерт залында республика өнер шеберлері қатарында мерекелік концертке қатысу құрметіне ие болып, қазақтың, орыстың, украинаның халық әндерін ерекше шабытпен нақышына келтіре орындады.

Әнші бас оркестрлерімен, хор капелласымен Украйнада, Молдавияда, Азербайжанда өткен республикамыздың әдебиет, мәдениет және өнер онкүндіктерінде өнер көрсетті.

Семей өңірінен У. Айдаболов, М. Рақымбаев, Б. Сыбанов, Т. Рахимовтың әндерін жоғары сауатты деңгейде орындаушы. Классиктерден Гендель, Массоне, Шуберт, Чайковский, Әсет, Абай шығармалары бойынша жазылған кассеталары бар.
Дауыл Қайроллин ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. 1976 жылдан бастап ол өз мектебінен бірнеше шәкірт ұшырды. Солардың бірі Павленко Новосібір консерваториясында оқыды, Н. Көшеров Алматы консерваториясын бітірді. «Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі», өмірін өнерге ғана арнап, өнер үшін еңбек еткен, өзгеше дарын иесі .

Әдебиеттер:

Қамбаров Ж. Алысқа жетелеген асқақ ән // Семей таңы. – 1996. 2 қараша.
Мұхамедова Р. Өмірін әнмен өрнектеген // арна. – 2000. 14 қаңтар. 16 б. Мұхамедова Р. Дауыл да өтті-ау, дауылдатып ... // Семей таңы. – 2003. – 28 ақпан. – 12 б. Семей әншілері [Мәтін]: био-библиографиялық портрет / құраст. З. Мағауина ; Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапхана, хабарлама - библиографиялық бөлім.- Семей: б. ж., 2006.- 28-29 б.